Астана қаласы ТЖД «Есіл» ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы сіздерге адамдар көп жиналатын орындарда өрт болған кездегі іс-әрекет ережелері туралы хабарлайды.
Өрт сізді адамдар көп жиналған жерде басып қалса не істеу керек?
Адамдар көп болатын бейтаныс қоғамдық орынға кіргенде, өз жүріп өткен жолыңызды есте сақтауға тырысыңыз, негізгі және қосалқы шығу жолдарының орналасуына назар аударыңыз. Мұны әдетке айналдырыңыз. Мамандар шығу орындары мен оларға баратын жолдарды есте сақтауға кеңес береді, себебі ең жақын шығу жолының қайда екенін білетін адамдардың аман қалу мүмкіндігі жоғары.
Әдетте эвакуациялық шығу жолдары өрт қауіпсіздігінің тиісті белгілерімен көрсетілуі тиіс. Эвакуация мақсатындағы өрт қауіпсіздігі белгілері жасыл түсті тікбұрышты немесе шаршы пішінде, ақ түсті таңбалармен беріледі.
Егер «Өрт! Жанып жатырмыз!» деген айқай естісеңіз немесе өзіңіз түтіннің иісін сезсеңіз, жалынды көрсеңіз, сабырлылық пен ұстамдылық сақтауға тырысыңыз. Жағдайды бағалаңыз, нақты қауіптің бар екеніне көз жеткізіңіз, оның қайдан шығып жатқанын анықтаңыз.
Бөлме түтінге толған немесе жарық жоқ болған жағдайда, қабырғаларды, тұтқаларды және басқа да тіректерді ұстап, шығу жолына қарай жүруге тырысыңыз. Мұрын орамал немесе киіміңіздің жеңі арқылы дем алыңыз.
Егер шығу жолына қарай адамдар тобымен бірге қозғалуға тура келсе, ешбір жағдайда топтың қозғалысына қарсы жүрмеңіз. Егер көпшілік сізді өзімен бірге алып кетсе, оның ортасынан және шетінен — қабырғаларға, қоршауларға, витриналарға, торларға жақын қауіпті жерлерден аулақ болуға тырысыңыз.
Жолдағы бағаналар, тұғырлар, қабырғалар, ағаштар сияқты қозғалмайтын заттардан аулақ болыңыз, әйтпесе сізді басып кетуі немесе қысып тастауы мүмкін.
Қолыңызбен ештеңеге жармаспауға тырысыңыз: қолыңызды сындырып алуыңыз мүмкін. Мүмкіндік болса, киіміңізді түймелеп алыңыз. Биік өкшелі аяқ киім немесе шешіліп қалған бау өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін. Сөмкеңізді, қолшатырыңызды және басқа заттарды тастап жіберіңіз. Егер бір затыңыз түсіп қалса, оны ешбір жағдайда көтеруге тырыспаңыз.
Қолдар денеге жабысып тұрмауы керек, олар шынтақтан бүгулі, жұдырықтар жоғары қараған күйде болуы тиіс. Сонда қолдар кеуде қуысын қорғай алады. Сондай-ақ диафрагманы қорғау үшін алақандарыңызды кеуде тұсында айқастырып ұстауға болады. Арттан келген итерістерді шынтақпен қабылдап, диафрагманы қол бұлшықеттерін керу арқылы қорғаңыз. Денені артқа қарай еңкейтіп, аяғыңызбен тіреліп, арқаңызбен қысымды тежеуге тырысыңыз. Алдыңыздағы кеңістікті босатып, баяу қозғалыңыз.
Көпшілік ішінде ең бастысы — құлап қалмау. Егер сізді құлатып кетсе, басыңызды қолыңызбен қорғап, дереу тұруға тырысыңыз, алайда мұны істеу өте қиын болуы мүмкін. Тізерлеп тұруға тырысыңыз, қолыңызбен еденге тіреліп, екінші аяғыңызбен қатты итеріліп, денеңізді жылдам тіктеңіз. Егер тұра алмасаңыз, эмбрион қалпын қабылдаңыз: бүрісіп жатыңыз, иегіңізді кеудеңізге, тізеңізді басыңызға жақындатыңыз, басыңызды қолыңызбен жабыңыз және адамдар ағыны өткенше солай күтіңіз.
Балаларды иығынан ұстап, алдыңызда жүргізіңіз. Немесе оларды иығыңызға отырғызыңыз.
Егер сіз көпқабатты ғимаратта болсаңыз, лифтіні пайдалануға тырыспаңыз, баспалдақпен түсіңіз. Биік қабаттан терезеден секіру ниетіне берілмеңіз. Сыртқа шығу мүмкін болмаған жағдайда, өрт шалмаған бөлмеге өтіп, сол жерде өрт сөндірушілердің көмегін күтіңіз.
Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз