Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдарының ішінде өрт сөндіргіштер ерекше орын алады. Оларды іске қосу оңай, олар арнайы жұмыс дағдыларын талап етпейді және тұтанудың бастапқы сатыларымен жақсы күреседі. Бірақ өрт сөндіргішті қолданудың тиімділігі оның дұрыс таңдалуына тікелей байланысты. Сәйкес келмейтін өрт сөндіргіш өртті сөндіре алмайды, сонымен қатар жарақат алуға себеп болуы мүмкін.
Әр түрлі жағдайларда қандай өрт сөндіргіш болуы керек? Бұл сұрақтың жауабы айқын болып көрінгенімен, бәрі соншалықты оңай емес. Өрт сөндіргіштің не үшін қажет екені туралы осы мақалада тоқталмаймын. Тек оның (өрт сөндіргіштің) болуы екі міндетті шешуі тиіс екенін атап өтемін:
– біріншісі – өрт шыққан кезде оны дамуының бастапқы сатысында сөндіру;
– екіншісі – өртке қарсы режим қағидаларының талаптарын орындау, осылайша тексеру кезінде айыппұл алу мүмкіндігін болдырмау.
Ғимараттарды алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етуді регламенттейтін құжаттар – Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 21 ақпандағы № 55 «Өрт қауіпсіздігі қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 17 тамыздағы № 405 бұйрығымен бекітілген «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламенті. Өрт сөндіргіштерді, оның ішінде автокөліктерге арналған өрт сөндіргіштерді таңдағанда осы құжаттардың талаптарын басшылыққа алу қажет.
Астана қаласы ТЖД Есіл ауданы ТЖБ бас маманы,
азаматтық қорғау подполковнигі Алиев Асет Бөгенбайұлы