Орта білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылының басталуын, ұзақтығын және каникул кезеңдерін айқындау туралы

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 12 тамыздағы № 363 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 12 тамызда № 29108 болып тіркелді

"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен (Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29030 болып тіркелген) бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

1. Меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарында 2022 - 2023 оқу жылының басталуы, ұзақтығы және каникулы кезеңдерінің мынадай мерзімдері айқындалсын:

1) 2022 - 2023 оқу жылының басталуы - 2022 жылғы 1 қыркүйек;

2) оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда – 35 оқу аптасы, 2-11 (12)- сыныптарда – 36 оқу аптасы;

3) оқу жылы ішіндегі каникул кезеңдері:

1-11 (12) – сыныптарда: күзгі каникул – 7 күн (2022 жылғы 31 қазан – 6 қараша аралығында), қысқы каникул – 9 күн (2022 жылғы 31 желтоқсан мен 2023 жылғы 8 қаңтар аралығында), көктемгі каникул – 9 күн (2023 жылғы 18-26 наурыз аралығында);

1-сыныптарда қосымша каникул – 7 күн (2023 жылғы 6-12 ақпан аралығында).

2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
А. Аймағамбетов

https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200029108